Главная

СМИ о нас

СМИ о нас

almaty-metropoliten

Қала мобильділігінің болашағы: Алматы метросының бас инженері жаңа жоспарлар, технологиялар мен қауіпсіздік туралы айтты

Қала мобильділігінің болашағы: Алматы метросының бас инженері жаңа жоспарлар, технологиялар мен қауіпсіздік туралы айтты

Алматы метрополитені 14 жыл ішінде қаладағы қарқынды дамып жатқан көлік жүйесіне айналып үлгерді. Бастапқыда жылдар бойы тұралап қалғанына қарамастан, бүгінде метро қызметі көркейіп келеді, жаңа технологиялар енгізіп, жаңа станциялар салуға әзірленіп жатыр. Метрополитеннің бас инженері Серік Зейнолдин KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат беріп, неге метро болашақта Алматының көлік жүйесінің негізіне айналатынын айтып берді.

Келесі жылы мердігерлер іске қосылатын үшінші кешеннің екінші кезегі – “Бауыржан Момышұлы” станциясынан Қалқаманға дейін және желінің “Барлық” базарына дейінгі бөлігінің құрылысына кіріседі. Сонымен қатар “Жібек Жолы” станциясынан халықаралық әуежайға дейінгі екінші желіні жобалау жұмыстары да басталмақ.

Серік Зейнолдиннің пікірінше, метро көлік жүктемесін азайтып қана қоймай, жақын болашақта қаладағы мобильділіктің басты элементіне айналады.

“Метроның өткізу қабілеті жоғары, жолдағы кептелістерге тәуелді емес және жолаушыларды тез әрі қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етеді. Қаланың үлкейіп келе жатқанын және ондағы автомобильдер санының артуын есепке ала отырып, Метрополитенді дамыта түсу қалалық көлік саясатының стратегиялық маңызды элементіне айналып отыр”, - деп атап өтті бас инженер.

Бұл көлік түрінің ыңғайлылығын қала тұрғындары да бағалап үлгерді – “Сарыарқа” және “Бауыржан Момышұлы” станциялары іске қосылғалы бері жолаушылар легі тәулігіне 100 мың адамға дейін өсті, ал 30 қыркүйекте абсолюттік рекордтық көрсеткіш тіркелді – тәулігіне 143 мың адам метро арқылы діттеген жеріне жеткен. Еліміздегі жалғыз жер асты көлігі пайдалануға берілгелі оған 201 миллион жолаушы мінген.

Жүктеменің артуына байланысты пойыздардың жүру кестесі де қайта қаралды. Мәселен, кептеліс уақытында пойыздардың жүру аралығы 3 минут 27 секундқа дейін қысқарды. Бұл уақытта желіге 15 құрамның 13-і шығады, бір пойызға техникалық қызмет көрсетіліп жатса, екіншісі пойыздар істен шығып жатқан жағдайда резервте тұрады.

Метроға деген қызығушылық арта түскен сайын жолаушылардың да, қызметкерлердің де қауіпсіздігі тиісті деңгейде сақталуы маңызды. Серік Зейнолдиннің сөзінше, бүгінде Метрополитенде “нөлдік жарақаттану” жүйесі бар, ол ұдайы оқу-жаттығу мен бақылауды қажет етеді.

“Бізде күнделікті нұсқаулықтар, тұрақты техникалық оқыту және жоспарлы тексерістер өтеді. Барлық қызметкер сертификатталған қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Технологиялық процестер кестесін сақтау міндетті. Одан бөлек қызметкерлер күнделікті рейсалды және рейстен кейінгі медициналық тексерістерден, сондай-ақ кешенді жыл сайынғы тексерістерден өтеді. Алматы сейсмоқауіпті аймақта орналасқандықтан, ТЖД-мен бірге бірлескен оқу-жаттығу жиындары өткізіліп тұрады”, - деп түсіндірді бас инженер.

Оның сөзінше, мұндай дайындықтың пайдасы аз болмаған. Мәселен, түтін шығу салдарынан автоматты өрт дабылы іске қосылған кезде, қызметкерлердің жылдам әрекет етіп, өрттің шығуына жол бермеуі мұның айқын мысалы, дейді Зейнолдин.

Платформалардағы, эскалаторлардағы және басқа да орындардағы жолаушылардың қауіпсіздігі де басты назарда. Бұл үшін метрода бейнекамералар мен дабыл жүйесі орнатылған, ал келесі жылы темір жолдарға толықтай қоршау орнату жоспарда бар.

Технологиялар саласында да өзгерістер көп. Метроға қазірдің өзінде FacePay, пойыз келгенше қанша уақыт қалғанын көрсететін жүйе орнатылған, сонымен бірге турникеттер жаңартылды. Ал 2026 жылдың басында қолма-қол жасалмайтын төлемнің барлық түрі және QR-кодқа өту аяқталады.

“Жолаушылар төлем жасаудың кез келген ыңғайлы тәсілін пайдалануы үшін жүйені жаңартып жатырмыз. Бұл метроның өткізу қабілетін арттырып, турникеттердегі кептелісті азайтады”, - дейді Зейнолдин.

Оған қоса жасанды интеллект мүмкіндіктері де қарастырылып жатыр, оны жолаушылар легін болжау, жабдықтарға мониторинг жасау, энерготиімділікті арттыру және қауіпсіздікті нығайтуға қолдануға болады.

Айта кету керек, метро жұмысын жақсартуға нейрожелі ғана емес, жолаушылар да үлес қоса алады – метрополитенде алматылықтардың барлық шағымы мен талап-тілегі мұқият қаралады және соған сай қызмет көрсету сапасын жақсартуға тырысады.

Жаңа технологиялар құрылыста да белсенді түрде қолданылуда. Сейсмикалық белсенді аймақ жағдайында метро ғимараттарға мониторинг жасаудың автоматты жүйелері мен инженерлік-сейсмикалық станцияларын енгізіп жатыр. Пойыздар қозғалысының дыбысын анағұрлым бәсеңдету үшін темір жол аралықтарында түйіспесіз рельстер мен шуы аз LVT жолдары қолданылмақ.

Бұл өзгерістерді қалалықтар жаңа станциялар құрылысы аяқталған соң көре алады. Айтпақшы, әзірге олардың дизайны айқындалмаған. Серік Зейнолдиннің сөзінше, станциялардың сәулеті атауы бекітілген соң анықталады. Қазіргі таңда атауларды Республикалық ономастикалық комиссия қарастырып жатыр. Бас инженердің айтуынша, бүгінге үш нұсқа ұсынылған. Олар: Шұғыла, Төле би және Қарасай.

“Жаңа станциялардың сәулеті желінің стилімен біртұтастығын сақтайды, бірақ заманауи материалдарға, акустикалық панельдерге, жарыққа назар аударылады. Ал тақырыптық безендіру Алматының мәдени ерекшеліктерін айшықтап тұрмақ”, - деп сөзін түйіндеді Зейнолдин.