Алматыдағы метро бір күнге болса да театр сахнасына айналды

Алматы метросы бір күнге болса да театр сахнасына айналды. Өнердің жас майталмандары метроның жеті стансасында да спектакль қойып, жолаушылардың жүзіне күлкі сыйлады. Қарбалас жұмыстан көз ашпайтын алматылықтардың көңілін көтеріп, өз өнерлерін ортаға салған "Лиц" жастар театры.

Сценарий бойынша, Максим Сергейұлы алғашында ауқатты азамат болады. Киімі көк, қарны тоқ, жегені артында, жемегені алдында ғажайып әлемінде өмір сүрген. Алайда, ертегідей ғұмыр желісінен жаңылысады. Максим алаяқтардың құрығына түсіп, жер сипап қалады. Алдап, арбап алған арам ойлы азаматтар, ақыры, ақшаны алып тынады. Ендігі оның басты мақсаты - кез-келген тәсілмен ақшаны қайтадан өндіріп алу. Тіпті, нәзік жандылардан қаражат алуды көздейді. «Әйелдің жүрегін баурап алатын шебер» деген қойылымда оның шытырманға толы өмірі суреттеледі.

Метрода ұйымдастырылған алғашқы қойылым бекетте тосып тұрған көрермендерді ғана емес, поезд ішіндегі жолаушыларды да бір сергітті.

Басты кейіпкердің рөлін сомдаған, Андрей «Лиц»,- деп аталатын жастар экпериментті театры ұжымының жетекшісі. Өзі – режиссер. Бұл шағын театр ұжымы 2006 жылдан бері қызмет атқарып келеді екен. Жаңашылдық ашуды қолға алған театр репертуарында бүгін де 7 спектакль бар. Кезекті жер астындағы еңбегімен олар қала тұрғындары мен қонақтарын метро қызметіне жүгінуге үгіттейді. Сонымен қатар, жастарды компьютер терезесіне телміріп отыра бермеуге шақырады.

АНДРЕЙ КОЧИНОВ, «ЛИЦ» ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл еңбегіміз жастарға үлгі болары сөзсіз. Мәдени шарадан не кітап оқу арқылы рухани жағынан баюы керек. Қазір, бозбалалар мен бойжеткендер әртүрлі, түкке де қажеті жоқ компьютерлік ойындар ойнап, ғаламторға кіреді. Олар әлеуметтік желісіз өмірлерін елестете алмайтын жағдайға жетті.

Олардың бұл ісін жүзеге асыруға қаламыздың мәдениет басқармасы қол ұшын берген. Енді, шағын театр 8 мамырда Ұлы отан соғысы ардагерлерінің құрметіне орай мәдени қойылым жасауды жоспарлап отыр.

Телеканал "Алматы"

КГП "МЕТРОПОЛИТЕН" АЛМАТЫ 2018