Президенттің метроны ашуы

Президент метроқұрылысшыларды және барлық алматылықтарды Алматы қаласының тарихында метроның бірінші желісінің ашылуымен құттықтады. Президент алматы метросының пайда болуы - бұл тек автобус маршруттарының қысқаруына ғана алып келмейді, сонымен бірге бұл жаңа көлік мәдениетінің қалыптасуы деп атап өтті​.

Президентке метрополитеннің символдық кілті берілгеннен кейін, Мемлекет басшысы символдық қоңырауды соғып, Алматы қаласы метрополитенінің бірінші пойызының жүруіне старт берді​.

Бұдан әрі Мемлекет басшысы метро вагонымен метрополитен тоннелі бойынша «Райымбек батыр» бекетінен «Алатау» бекетіне дейінгі барлық бекеттерді: «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Мұхтар Әуезов атындағы драма театр» кезекпен аралап шықты.

Алматы қаласының метро құрылысы 80-жылдың соңында басталған. Құрылыстың толық сомасы 167 миллиард теңгені құрайды​. 

Бірінші кезектегі метро ұзындығы – 8,56 км. Бірінші желінің бірінші кезектегі жобасына электрдепо, инженерлік корпус, пайдалану персоналының ғимараты және жеті бекет кіреді. Метрополитенді салу кезінде автоматиканың барлық негізгі жүйелерінің ең соңғы үлгідегі ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялары пайдаланылды. Қауіпсіздіктің 30 шақты жүйесі метрополитендегі технологиялық процестерді, сигнал беруді, байланыс және қауіпсіздікті автоматтандырудың  жоғарғы деңгейін қамтамасыз етеді. Бірінші рет радиоканалды қолдана отырып, пойыздар қозғалысын басқару жүйесі пайдаланылды. Жер астының қауіпсіздігі де жетекші ресей институты «Тоннельдер және метрополитендер» әзірлеген сейсмикалық берік тоннельдік конструкцияларды пайдаланумен және бекеттік тоннельдерге «Бетон унд Мониербау» австриялық фирманың прогрессивті технологиясын енгізумен қамтамасыз етілген.

Бұдан басқа, ТМД аумағында алғаш рет Алматы қаласының жер асты құрылысы кезінде монолиттік темір бетон негізіне рельстерді төсеудің жаңа  шпалсыз әдісі қолданылды. Осы технология қозғалыстың жоғары қауіпсіздігі мен ыңғайлылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ жолдың үстіңгі бетін пайдалануға беру мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Метрода және вагон ішінде құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған. Алғашқы рет ТМД елдерінде мүмкіншіліктері шектеулі адамдардың өздігінен түсіп-шығуы үшін арнайы автоматты механизмдер қарастырылған.

Метрополитен жолаушыларына «HyundaiRotem» оңтүстік корея компаниясы арнайы әзірлеген электрпойыздарының (әрбіреуінде төрт вагоннан) заманауи төрт құрамы қызмет көрсетеді. Бір құрамның сыйымдылығы 940 адамды құрайды.  Қозғалыстың орташа жылдамдығы, аялдамаларды қоса алғанда 40 км болады. Бірінші кезектегі желі бойынша бір жаққа ғана жол жүру уақыты шамамен 14-16 минутты құрайды​.

2011 жылғы наурызда метрополитеннің екінші кезектегі батыс бағытында құрылыс жұмыстары басталды. Оған келесі бес бекеттің құрылысы кіреді: «Сайран», «Мәскеу», «Сарыарқа», «Достық», «Қалқаман». Осы тоннель қала орталығын Қалқаман ауылымен байланыстыратын болады. Оның ұзындығы 8,62 км құрайды​.

- Бүгін, мен еліміздегі маңызды жобаның жақсы атқарылған жұмыстары үшін біздің метроқұрылысшыларымызға, барлық ұйымдастырушыларымызға және қатысушыларымызға ерекше алғыс айтамын. Бұл алматылықтардың Тәуелсіздігіміздің 20-жылдығына жасаған керемет сыйы! – деп, президент оңтүстік астана тұрғындарына үндеуін жолдады​.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын келе жатқан мерейтойымыз - Тәуелсіздігіміздің 20-жылдығымен құттықтады және барлық қазақстандықтарға бірлік пен татулық, әрбір отбасына амандық тіледі​.

КГП "МЕТРОПОЛИТЕН" АЛМАТЫ 2023