«Жарнаманы көрсететiн – бiз, ақшасын алатын – бiреу»

Ұлт көшбасшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы халыққа арнаған «Қазақ­стан  – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы ел арасында әлi де талқыланып жатыр.

Бейсенбi күнi шаһарымызға Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң жауапты хатшысы Қасым­бек Жеңiс Махмұтұлы арнайы ат басын тiреп, метрополитен кешенi қызметкер­лерiмен жүздестi.

Бейсенбiлiк кездесудiң мәнi – бiр жыл бұрын қабылданған саяси құжаттың халық арасында кеңiнен талқыланып, түсiндiрiлуi, күн тәртiбiне қойылған мәселелердiң ше­шiмi қаншалықты табылып жатқандығын анықтау болды.

Елiмiздiң ең iрi мегаполисi саналатын Алматы шаһарының жол-көлiк инфрақұ­рылымының жылдан-жылға оң шешiм тауып жатқандығын тiлге тиек ете отырып, хатшы мырза шаһар жолдарының алдағы жылдары қандай сипат алатын жоспар­ларымен де таныстырды.

Жүздесу сұрақ-жауапқа көшкен кезде метрополитен кешенi қыз­меткерлерi бiрталай мәселелердi жауапты хатшының алдына жайып салды. Яғни, әзiрге жетi стансадан тұратын метрополитен кеше­нiндегi жарнама қызметi кешенге тиесiлi емес. Бұл дегенiмiз жарнамадан түсетiн кiрiстiң сыртқа кететiндiгiн көрсетедi. Одан басқа кешен қызметкерлерiнiң балаларына арнайы балалар бақшасының қажет екен­дiгi, пансионаттың керектiгi сынды түрлi мәселелер көтерiлдi.

Метрополитен кешенi қызметкерлерiнiң мәселелерiн өз ауыздарынан естiген жауапты хатшы барлық сұраққа жауаптың табылатындығын айтып, Үкiметке хат жолдау керектiгiн ескерттi.

КГП МЕТРОПОЛИТЕН АЛМАТЫ 2016