АЛМАТЫ МЕТРОСЫНДА КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

 Метрода ылғалды тазарту және дезинфекциялау әр үш сағат сайын жүргізіледі, эскалатордың тұтқаларына, сүйеніштеріне, есік тұтқаларына ерекше назар аударылады. Вагондар әр рейстен кейін дезинфекцияланады. Өңдеу үшін вирусқа қарсы белсенділігі жоғары заттар қолданылады.

Дезинфекция кезінде лифт кабиналарына ерекше назар аударылады, мұнда әр үш сағат сайын еден жабындары, қабырғалар, батырмалар мен басқару панельдері арнайы заттармен жуылады.

Метроға қатаң бетперде тағу режимі енгізілді. Егер жолаушы бетпердесін ұмытып кетсе, бекеттерде орнатылған вендинг автоматтарынан жол жүрмес бұрын бетперде сатып алуға болады. Осы шаралардың арқасында метрополитенде бетперде тағу режимін бұзу фактілері тіркелген жоқ.

 

Сонымен қатар метрополитенде санитариялық-эпидемиологиялық шаралардың сақталуы туралы бейне және аудио ескертулер жүргізіледі. Барлық бекеттерге ілінген баннерлер де карантин кезіндегі тәртіп ережелері туралы еске салады. Платформадағы кезекшілер жолаушыларға арақашықтықты сақтау туралы ескертеді. Қарбалас сәтте адамдар көп болмау үшін, резервтік эскалаторлар қосымша жұмыс істейді.

Сонымен қатар алматы метросының барлық бекеттері санитайзерлермен қамтамасыз етілген, контактісіз термометрия қолданылады.

«Метрополитен қорғаныш бетперделері жоқ, температурасы көтерілген немесе термометрияны қолданудан бас тартқан жолаушыларға  жол жүруге рұқсат беруден бас тартуға құқылы. Барлығынан метрополитенде жүргенде арақашықтықты сақтап, бетперде тағуды сұраймыз», - деді «Метрополитен» КМК-нің  баспасөз хатшысы Ажар Хабиева.

Карантин жарияланғаннан бастап бүгінгі күнге дейін кәсіпорын өз қызметкерлерін жеке қорғаныс құралдарымен (бетперделер, қолғаптар, антисептиктер) қамтамасыз етті. Қызметкерлерді ауысым алдындағы медициналық тексеруден өткізу күн сайын жүзеге асырылады.

Метрода карантин шеңберіндегі ұсыныстардың орындалуын қадағалайтын мониторинг тобы жұмыс істеп жатқанын еске саламыз. Естеріңізге сала кетейік, бетперде тағу режимін сақтамағандарға айыппұл салынады.

КГП "МЕТРОПОЛИТЕН" АЛМАТЫ 2020