Ұлттық домбыра күні: Қазақтың күйлері метрода күмбірледі

Алматы метросында қазақтың күйлері күмбірледі. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің 18 өнерпазы бір уақытта жерасты вагонының ішін әуенге бөледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Күмбірлеген күй шаршаулы метро жолаушыларының көңілін бір серпілтіп тастады. Жұртшылық флешмобты жаппай суретке, видеоға түсіре бастады. Ұлттық киім киген күйшілер «Мұхтар Әуезов атындағы театр» бекетінен Райымбек бекетіне дейін келді. Ұйымдастырушылар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 1 шілде күні алғаш рет өткізілетін «Ұлттық домбыра күні» мерекесін насихаттап, қазақтың ұлттық аспабы - домбыраны дәріптеу мен мәдени ұлттық бірлікті нығайтуды мақсат тұтқан.  «Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық оркестрі ұжымының атынан Елбасымызға алғыс айтамыз. Күй мерекесі - барша домбырашылар мен өнерпаздар үшін үлкен серпіліс болмақ. Домбыра күні аясында Құрманғазы атындағы оркестр өзінің ауқымды іс-шараларын қолға алып отыр. Басты шара - Қазақ елі алаңында өтетін «Домбыра - асыл мұра» атты үлкен концерттік іс-шара. Алматы метрополитенінде Құрманғазы оркестрінің домбырашылары Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Ақсақ киік», Дәулеткерейдің «Көроғлы», «Қос алқа», «Жігер» «Топан» күйлерін орындады. Ал 1 шілде күні өтетін күй шеруінде аталған шығармаларды 3 мың өнерпаздың орындауында тыңдай аласыздар», - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешов. Құрманғазы атындағы окрестрдің құрылғанына биыл 85 жыл толуына орай шығармашылық ұжым ағымдағы жылы әлемнің басқа да метроларында қазақтың қара домбырасынан күй төкпек.

 

 

КГП "МЕТРОПОЛИТЕН" АЛМАТЫ 2018