«Ғасыр құрылысы»

«Ғасыр құрылысы» деген болады. Соның бірі - Алматының метросы. Қазақстандағы тұңғыш, Орталық Азиядағы екiншi, ТМД-дағы он алтыншы жерасты жолы. Бұл секілді ауқымды жобаны Тәуелсіздік алғалы әлі көргеніміз жоқ. Ол құсап ұзақ салынған нысанды да білмейміз. 1988 жылы құрылысы басталған екен, содан әлі салынып жатыр.

Арада он шақты жылдай іркіліс болды әрине, Кеңес одағы тараған тұста тоқтап қалды. Елдің еңсесі көтірілген кезде, нақты айтқанда 2004 жылдан қайта қолға алынды.

2011 жылдың желтоқсанында жетi станциядан тұратын алғашқы желiсi қолданысқа берілген болатын. Мінекей, екі жылға жуықтады, Алматы мен қала қонақтары жердің астымен жүріп жүр.

Кеңес үкіметі тұсында халқы бір миллионнан асқан қалаларға метро салу жөнiнде КСРО министрлер кеңесінің арнайы қаулысы болған екен. Соның негізінде басталған Алматы метросының құрылысы бүгінде Үдемелі индустриалдық бағдарлама бойынша жалғасын тауып жатыр.

Жетісудың бас шаһарындағы жерасты жолының құрылыс қарқыны қандай? Метродан мегополис шаһарға қандай пайда бар? Көлік кептелесін азайтуға көмектесті ме? Екі жылда метро арқылы қанша адам жүріп-тұрды? Жолақыдан жиналған қаражат аз ба, көп пе?

Қазақ метрополитені. Ашылғанына екі жылға жуықтаған жерасты жолын күніне 22 мың адам пайдаланады. Жолақысы жерүсті қоғамдық көліктерімен бірдей, 80 теңге.

Қыдрәлі Бегасылов, «Алматыметрополитен» МҚК директоры:
Метрополитен әзір қала тұрғындарының арасында ең ыңғайлы көлік деп саналады. 2012 жылдың қорытындысы бойынша, 6,5 миллион адамды тасыдық.
Енді осы жылдан бастап, ай сайын 30 пайызға дейін адам саны көбейіп жатыр.

Жазда салқын, қыста жылы көлік кім-кімге де жайлы. Күннен-күнге жерасты жолын тұтынатын жолаушылар саны артып келеді. Бұл жай емес. Метромен діттеген жерге жету, біріншіден, уақытыңызды үнемдейді, екіншіден, мегаполистің күндегі кептелісінен құтыласыз.

Халық пікірі:
- Жеке көлігімізді тастап, кептелістен қашып, метроға отырдық. Қазір міне, 8 минутта драма театрға жетемін.

- 10 минутта жетемін жұмысқа. Егер де қаланың барлық жеріне осындай жылдам жететін метро салатын болса, қуанышты болар едім.

Метроға мінетіндердің 70 пайызға жуығы - жастар. Өз еліндегі тұңғыш жерасты жолындағы тазалыққа, қазақы безендірілуге көңілдері тоқ.
Айтқұл Таш, қала тұрғыны:
- Әр бекетке қазақтың ұмыт болып бара жатқан әдет-ғұрпын бейнелеп, адам көрсе көзі тоятындай етіп ерекше сәндеп қойған. Метро – біздің мақтаныш.

Метроны көркемдеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Мына бос тұрған тақталарға таяуда жарнама ілінеді. Жолаушыларға демалатын арнайы орындықтар әкелінеді. Ал мына теледидарлар жақында ғана қойылды. Бәрі халық игілігі үшін.

Метроның әр бекетінде 150 қызметкер жұмыс істейді. Солардың бірі - Маржан Имашева.

Күніне талай адам ереже бұзады. Сондықтан, жолаушыларға жол сілтеп қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету - Маржанның негізгі міндеті.

Маржан Имашева, бекет кезекшісі:
Пойыз келген уақытта жолаушылар шектеу сызығынан аспауы қажет. Егер асып кеткен жағдайда 825 вольт тоқ бар және ол адам өміріне қауіпті.

Қолданыстағы метроның ұзындығы - 8,3 шақырым. Келер жылы бұл көрсеткіш 11 шақырымнан аспақ. Өйткені, Алматыда тағы да екі бекет салынып жатыр.

Естеріңізде болса, Ресейдің Мәскеуіндегі метроның бір бекетіне «Алматинская» денге атау берілген. Енді міне, қазақ елі де өз кезегінде «Мәскеу» дейтін жаңа бекет тұрғызып жатыр.

Құрылысы былтыр басталған бұл бекет жоспар бойынша келер жылдың маусымында қолданысқа берілуі тиіс. Сол себепті де қазір мұнда жұмысшылар үш ауысыммен тәулік бойы тыным таппай құрылыс жұмыстарын жүргізуде.

Мәскеу бекеті Абай мен Алтынсарин көшелерінің қиылысында тұр. Қазір мұнда абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Табиғи апаттардың алдын алу үшін іргелерін мықтап бетонмен бекіту қажет. Алдағы желтоқсанда қара сылақтың жұмысы аяқталып, бекеттің ішкі құрылысы қолға алынады. Құрылысшылар жұмыстың оңай еместігін, түрлі қиындықтардың бар екенін айтады.

Нұрлан Сейілханов, инспектор:
Жұмысты бастамас бұрын алдымен коммуналдық жүйенің бәрінің орнын ауыстырып, қалаға өткізуіміз керек. Қаланың ішінде өрмекшінің бауындай топырлап жатыр. Бәрімен келісуіміз керек.

Бұл - «Сайран» бекеті. «Мәскеу» бекетіндегідей ауқымды жұмыс жасалынып үлгермесе де, келер жылдың жазында алғашқы жолаушыларды тасымалдайтын болады.

Бекет Байдыханов, бас инженер:
«Сайран» бекетіндегі айналма жолдың құрылысы биыл сәуірде басталып, бір айда аяқталды. Ал қазір қазба жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды екі айда толық бітіріп, қала тұрғындарына Абай көшесін ашып беруіміз керек.

2016 жылы «Қалқаман» ықшамауданына қарай алты бекет салынбақ. Аталған аудан қаладағы көліктердің ең көп қатынайтын орны. Сол себепті, Қалқаман кептелістен көз ашпайды. Жаңа жерасты жолы салынса, әрине, жағдай жеңілдер еді.

Метро салу қазақ қоржынына қымбатқа түсері сөзсіз. Шыққан шығын, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, таяу жылдары ақталмайды.

Мәселен, халық ең көп қолданатын Мәскеу метросының шығыны әлі күнге орны толмапты. Жыл сайын оның 12 желiсi бойынша 3,2 миллиард адам тасымалданады.

Метроны салуға шыққан шығынның ерте ме, кеш пе орны толары сөзсіз. Әлемде 42 елдің төл жерасты жолы бар. Қазақ елі де сол тізімде.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

КГП МЕТРОПОЛИТЕН АЛМАТЫ 2016