АТФБАНК 16 ЖЕЛТОҚСАНДА МЕТРОДА ТЕГІН ЖҮРУДІ СЫЙҒА ТАРТАДЫ

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құрметіне «АТФБанк» АҚ Алматы қаласының барлық тұрғындары мен қонақтарына метрополитенде тегін жүру мүмкіндігін сыйлайды.

2015 жылғы 16 желтоқсанда жолаушылар күні бойы метрополитенде жол жүру жетондарын тегін алып, қажетінше жол жүре алады. Жолақысын әдетте смарт-карта арқылы төлейтін және осы күні тегін жол жүргісі келетін жолаушылар да кассадан жетон алуы керек.

«Алдымен барлық қазақстандықтарды осы маңызды күн – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Жыл өткен сайын Қазақстан өркендеп, дамып келеді және осы жылдар ішінде үлкен жетістіктерге жетті. Еліміздің дамуы үшін барлық азаматтарға өздерінің жеке және кәсіби әлеуетін жүзеге асыруды тілейміз, отбасыларыңызда тұрақтылық пен береке болсын», – деді өз сөзінде Басқарма Төрағасының орынбасары, «АТФБанк» АҚ Басқарма Мүшесі Даурен Керейбаев.

АТФБанк сыйға тартып отырған тегін жол жүру осы мейрам күнін барынша жағымды әрі қолайлы етпек. «Біз өткен жылғы тәжірибемізді қайталауды жөн көріп, қала тұрғындары мен қонақтарына тегін жол жүру мүмкіндігін сыйлап отырмыз. Ол өткен жылы ерекше ықыласпен қабылданған болатын», – деп толықтырды сөзін Даурен Керейбаев.

АТФБанк қазақстандықтар жеткен жетістерімен шектеліп қалмай жаңа белестерді бағындыруларын тілейді, сонымен қатар осы маңызды күні алматы метрополитеніндегі тасымалдау қызметтерін пайдалана отырып достарыңыз, жақындарыңызбен кездесу, Тәуелсіздік бесігіне айналған тарихи және ескерткіш орындарын тамашалап қайту мүмкіндігін береді. 

КГП "МЕТРОПОЛИТЕН" АЛМАТЫ 2019