Алматының метрополитенінде жолақыны қолма-қол ақшасыз төлеуге мүмкіндік беретін контактісіз инновациялық технология тұңғыш рет іске қосылды

Алматы, 2015 жылғы 11 желтоқсан – «Метрополитен» КМК, MasterCard халықаралық төлем жүйесі және «АТФБанк» АҚ (бұдан әрі - Банк) Алматы қаласының Метрополитенінде  MasterCard® инновациялық контактісіз төлем технологиясының  іске қосылғаны жөнінде хабарлайды. Контактісіз ридерлер метрополитен стансаларындағы барлық вестибюльдердің жүк турникеттерінде орнатылған. Енді жолақыны төлеу үшін турникеттегі ридерге контактісіз банк карточкасын бір рет тигізу ғана жеткілікті. 

Контактісіз карточкаларды қабылдайтын жабдықты сатып алу, жеткізу, құрастыру және оларға сервистік қызмет көрсетуді, сондай-ақ, қолма-қол ақшасыз төлемдерге эквайринг қызметтерін АТФБанк қамтамасыз етті. Жоба «Электрондық жүйелер» ААҚ және Uniteller процессингтік компаниясы секілді ресейлік технологиялық серіктестердің қолдауы арқасында мүмкін болып отыр. Атап айтқанда, Uniteller процессингтік компаниясы қалалық көлік жүйесіне арнап төлем шешімін әзірлеп, оны метрополитеннің қолданыстағы инфрақұрылымына ендірумен айналысты. 

Жолаушылар жолақыны контактісіз банк карточкалары арқылы, мысалы MasterCard®,  Maestro® немесе  MasterCard контактісіз технологиясымен жабдықталған смартфондар, қол сағаттары секілді басқа да құрылғылар арқылы арнайы турникеттерде төлей алады. Жаңа мүмкіндіктердің арқасында енді жолақыны төлеу үшін контактісіз төлем картасын жүк турникетінің сол жақ бағанасында орналастырылған брендтелген есептеуіш құрылғыға тигізу ғана қажет. Ақша сары жетон арқылы бір жолақының құны мөлшерінде (80 теңге) карточка иесінің шотынан автоматты түрде алынады. Төлем жасағаннан кейін индикатор жасыл белгіні көрсетеді, бұл «өтуге болады» дегенді білдіреді. Контактісіз технологиясы бар басқа төлем жүйелері арқылы да жолақыны осылайша төлеуге болады. Метрополитендегі турникет арқылы жолақысын контактісіз банк карточкалары көмегімен төлеу ережелерімен www.metroalmaty.kz сайтында толығырақ танысуға болады. 

Алматы метрополитені 2011 жылдың 1 желтоқсанында ашылған. Қазіргі таңда қоғамдық көліктің осы экологиялық заманауи түрін күн сайын 40 мыңға жуық жолаушы пайдаланады. Жаңа технологияның іске қосылуы - Алматының жаңа метрополитенінің даму тарихындағы кезекті инновациялық қадам, сондай-ақ, бұл мегаполис басшылығының айрықша назарында тұрған Алматы қаласының қоғамдық көлік жүйесін жаңғыртуға айтарлықтай үлесін қосып отыр. Халықаралық инновациялық төлем технологиясын қолдана отырып жобаны жүзеге асырудың арқасында бұдан былай метрополитенді қолдану аса ыңғайлы болуда. Жолаушыларға – алматылықтар мен мегаполис қонақтарына ақша алуға банкоматтарды іздеудің немесе жетондарды сатып алуға ақшаны майдалау қажет емес, енді олар сауда мен қызметтерге төлем жасау үшін күнделікті қолданып жүрген контактісіз банк карточкаларын турникетке тікелей тигізу арқылы жолақысын төлей алады. 

Клиенттерге жылдам қызмет көрсету маңызды орындарда MasterCard контактісіз төлем технологиясын қолдану аса оңтайлы шешім болып табылады. Көлікте келе жатқанда ол қағаз немесе пластик түріндегі жол билеттерімен байланысты логистиканы оңайлатып, касса алдындағы кезекті азайтуға мүмкіндік береді. Аталған инновация көлік мекемелеріне операциялық шығындарды азайтуға көмектесе алады, сондай-ақ, оны қолдану арқылы сан алуан көлік түрлеріне арналған жолақы  төлеудің бірыңғай жүйесін құруға болады.

 

КГП "МЕТРОПОЛИТЕН" АЛМАТЫ 2019